Мектебімізде "Ғаламторсыз бір күн" атты акциясы өткізілді.
Біздің заманды қалтаңдағы ұялы телефонсыз елестету мүмкін емес. Оның ішіндегі интернет деген әлем мүлдем бөлек дүние. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін кіретін интернеттің құдіреті шексіз. Ішіне кірсең барлығын табасың. Іздегенің алдыңда, іздемегенің артыңда қалатын болды. Баланың қолынан телефонды алып, интернетсіз өмірді елестете алмайтын болдық. Баланың санасын қалай алдап алуды ұмыттық. «Өзгеден қай жерім кем? Пәленшенің баласында айфон, түгенше де гаджет бар!» деген уәжіне тап боламыз. Баланың ойын кітапқа аударайын десек әлеуметтік желідегі тақырып қызық. Қалта телефонын тартып алуға тырыссақ, балаңды ренжеткің келмейді. Санамызды улаған қалтателефонынсыз өмір сүру мүмкін еместей көрінеді. Тым болмағанда интернетсіз бір күн өмір сүріп көру керек еді. Бұл тек барлық жерде жарық сөніп қалған сәтте ғана орындалатын қиял тәрізді. Жоқ, олай емес екен. Ақтөбенің балалары интернетсіз бір күн өткізді. Телефонды тоғызқұмалаққа, интернетті шахмат пен әдеби кітапқа ауыстырды. Жүздерінде күлкі, араларында достық пайда болды. Ұлдар шебердің құралдарына қызықса, қыздар тоқымамен кітаптың қызығана кіріп кетті. Интернетке байланған баланың бір күндік өмірін интернетсіз өткізуге тырысты. Қолдарынан келеді екен.